«Қазақстан барысының» үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында жас кезінде тәртіп пен дайындыққа салғырт қарағанын айтып, соған өкініш білдірді. Оның айтуынша, спортта ең бастысы — режимді сақтау, өйткені чемпиондықты ұстап тұру да, биікте қалу да оңай емес.
Балуан бүгінгі жастармен әңгімелескенде бір ұқсас ойды жиі байқайтынын жасырмады. Оның сөзінше, кей спортшылар жеңіске жеткен соң «өмір бойы төрде отырамын» деп қателеседі.
Ыстыбаев өзі де дәл сондай ойға берілгенін айтып өтті. Алайда уақыт өте келе бұл көзқарастың дұрыс еместігін түсінген.
Бейбіт Ыстыбаев спорт әлемінде эмоцияның жиі алға шығатынын да тілге тиек етті. Кей спортшылардың тез ренжіп, сөз көтермей қалатыны — ортаға тән құбылыс екенін жеткізді.
Сонымен қатар ол адамдармен дұрыс сөйлесудің, өтінішті орнымен айтудың да маңызы барын мысалмен түсіндірді: бұйрық раймен емес, жұмсақ тілмен айтсаң, нәтижесі де басқа болады дейді.
Үш дүркін жеңімпаздың айтуынша, жастар уақыттың бағасын бірден сезіне бермейді. Бұл — өз басынан өткен тәжірибе.
Ол кезінде әлем чемпионы атанатындай мүмкіндік болғанын, бірақ кей сәттерде жаттығуды дұрыс атқармай, қажет жерге бармай, кейде уақытында ұйықтамай, өз-өзіне кедергі келтіріп алғанын жасырмады.
Балуан жас шақтағы қырсық мінез, өзіне тым сеніп кету көп нәрседен қағып қалатынын да атап өтті.
Ыстыбаев Таразда өзіне тәлім берген Серік ағасының үнемі ескерту жасап отыратынын еске алды. Жаттықтырушысы «орныңды басатын адам табылады» деп жиі айтқан. Бұл сөздің салмағын балуан кейін түсінгенін меңзеді.
Сұхбат соңында ол спорттағы ең қарапайым, бірақ ең маңызды қағиданы түйіндеді: «Спортта режимді бұзбайтын адам ғана чемпион болады».