Украинаның суперауыр салмақтағы жұлдызы Александр Усик Riyadh Season жобасымен әріптестігін тоқтатуға дайын. Енді ол АҚШ-тағы промоутерлік топпен ұзақмерзімді келісімшарт бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Ал жаңа келісімнің алғашқы жекпе-жегі ретінде Деонтей Уайлдерге қарсы кездесу қарастырылуда.
Ауыр салмақтағы боксшының менеджері Эгис Климас ақпаратты The National басылымына берген сұхбатында растаған.
Климастың сөзінше, Усик – Уайлдер жекпе-жегінің өту ықтималдығы өте жоғары. Қазір тараптар ұзақ мерзімді келісімшарттың шарттарын талқылап жатыр. Уайлдердің командасымен келіссөз басталған. Өтетін орын ретінде Лас-Вегас немесе Лос-Анджелес нұсқалары қарастырылуда. Мерзім ретінде 2026 жылдың сәуір айының соңы немесе мамырдың басы аталуда.
Климас Уайлдерді Усик әлі жұдырықтасып үлгермеген ең ірі есімдердің бірі деп бағалады. Оның айтуынша, келісім толық бекімесе де, жобаны жүзеге асыратын тарап АҚШ промоутерлік тобы болуы мүмкін.
Менеджердің мәлімдеуінше, Усик алдағы уақытта Riyadh Season аясында қайта шығуы да ғажап емес. Бірақ дәл қазір саудиялық тараптан нақты ұсыныс жоқ.
Климас өз ойын ашып айтқанымен келісімнің кейбір детальдарын жария етпейтінін жеткізді. Сонымен қатар оның мәліметінше, Усик өзі де кемінде тағы екі жыл өнер көрсетуді жоспарлап отыр және әзірге мансабын аяқтауға асықпайды.
Усик ақпанда Даниэль Дюбуаға қарсы жекпе-жектен кейін келесі үлкен кездесу ретінде Деонтей Уайлдермен айқасқа шығуды көздейді.