Реклама
Реклама

Есей Жеңісұлы: "Жұлдызды боксшыларсыз қалу қаупі жоғары"

Сарапшы, спорт журналисі
14.01.2026, 20:00

Спорт комментаторы әрі шолушы Есей Жеңісұлы Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжановтың қызметтен кетуіне қатысты ойын білдірді.

Instagram/@boxingkazakhstan

"Неге алып тастағанын түсіну қиын" 

Есей Жеңісұлының айтуынша, Сәтжановтың орнынан алыну себебі көпшілікке әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр. Ол бапкерге кемінде бір толық олимпиадалық циклді аяқтауға мүмкіндік беру дұрыс болар еді дейді.

Журналистің пікірінше, келесі Олимпиадаға дейін екі жыл уақыт бар, ал Париж Олимпиадасынан кейін Сәтжанов құрамның келесі кезеңін нақты жоспарлап үлгерген:

"Жастар құрамасынан кімдерді тарту керек? Қай боксшыларға мүмкіндік беру қажет? Олимпиадаға апаратын бағытты қалай жүйелеу керек. Осы тұрғыда жағдай оңай емес". 

Жаңа бапкер келсе — құрам қайта "жасақталуы" ықтимал

Шолушының сөзінше, бас бапкер ауысса, жаңа маман өз философиясына сай жаңа команда жасақтауға кірісуі мүмкін.

"Мұндай жағдайда бұрын фаворит саналатын боксшылар құрамадан тыс қалып қоюы ықтимал. Жаңа есімдер пайда болады. Салмақ дәрежелері бойынша көшбасшылар қайта анықталуы мүмкін". 

Есей Жеңісұлы. ФОТО: @eseijenisuly

Есей Жеңісұлы мұның бәрі ауыр әрі ұзақ процесс екенін атап өтіп, бұл өзгерістердің Олимпиадаға дайындық мерзіміне әсер етпейтініне ешкім кепілдік бере алмайтынын айтады.

Олимпиадалық цикл не үшін керек?

Ол олимпиадалық төрт жылдық циклдің өз логикасы барын еске салды: әдетте алғашқы 1–2 жылда әр салмақта лидерлер айқындалып, содан кейін ғана басты жарыстарға нақты жоспармен дайындалуға жол ашылады.

Пікір иесі мысал ретінде Олимпиаданы бірнеше рет ұтқан даңқты боксшыларды да атап өтті. Оның ойынша, әр спортшы бірдей деңгейде тұрақты нәтиже көрсете алмайды, сондықтан бір бапкердің циклді соңына дейін жеткізуі қисындырақ.

Егер нәтиже болмай жатса, ауыстыру туралы кейін айтуға болады дейді ол. Жеңісұлы мұны Парижден кейінгі өзгерістермен салыстырып өтті: ел бір ғана күміс жүлдемен қанағаттанбай, Мырзағали Айтжанов та қызметінен кеткен. Бірақ Қайрат Сәтжановқа дәл сондай кең мүмкіндік берілмеді деген ой айтылады.

Сәтжанов өзі кетті ме, әлде кетуге мәжбүр болды ма?

Журналист бұл мәселенің нақты жағы көпшілікке белгісіз екенін де жасырмады.

Оның айтуынша, Сәтжановтың денсаулығына байланысты кеткені ме, әлде басқа себептер болғаны — қарапайым жанкүйер үшін жұмбақ. Тіпті журналистердің өзі барлық ақпаратқа толық қол жеткізе бермейді. Дегенмен қандай жағдай болса да, бұл шешім құрамада ірі өзгерістерге алып келуі ықтимал.

Реклама
Реклама