UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы, ресейлік Ислам Махачев қазақстандық Шавкат Рахмоновқа қарсы октагонға шығу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
Ресейлік "Матч! Боец" телеграм-арнасы Махачевтің сөзін былай келтіреді:
"Шавкат па? Оның үзілісі ұзақ болды. Бұл мәселені мен шешпеймін. Егер өзі дайын болса, неге шықпасқа? Осы үзілістен кейін оған жекпе-жек беруі керек екенін естідім", — деді Махачев.
UFC-дің жартылай орта салмағындағы рейтингте жоғары тұрған қазақстандық файтер соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізді. Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде Шавкат ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген.
Ал Ислам Махачев жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін қалдырып, UFC-дің жартылай орта салмағына ауысқан. Жаңа дивизионда ол бірден титулдық мүмкіндік алып, австралиялық Джек Делла Маддаленамен чемпиондық жекпе-жекке шыққан.
Дағыстандық файтер 2025 жылдың 15 қарашасында Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасындағы UFC 322 турнирінде жаңа салмақтағы чемпиондық белбеуді жеңіп алды.