Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Назым Қызайбай әлеуметтік желіде жазба жариялап, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғаудың жауапкершілігі мен мақтанышы жайлы ойын бөлісті.
Боксшының айтуынша, әрбір жарыс оған Қазақстан атынан шығудың мәнін терең сезіндіреді. Сол сәтте жүрегінде бір мезетте жауапкершілік пен мақтаныш қатар оянады.
Назым халықаралық ареналарда көк тудың желбіреуі ерекше қуаныш сыйлайтынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл тек спортшы еңбегі емес — бапкерлердің жанкешті жұмысы мен халықтың сенімі тұрған үлкен жауапкершілік.
“Әр жарысқа қатысқан сайын Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүргенімді терең сезінемін. Сол сәтте жүрегімде жауапкершілік пен мақтаныш қатар тұрады. Халықаралық турнирлерде көк туымыз көтерілгенде ерекше толқып, қуанып кетемін. Өйткені оның артында спортшылардың маңдай тері, бапкерлердің еңбегі және халықтың бізге артқан сенімі бар”, – деп жазды Қызайбай Instagram парақшасында.
Қызайбай сондай-ақ мемлекет тарапынан спорттың дамуына, жастарды қолдауға және инфрақұрылымды жаңартуға жасалып жатқан мүмкіндіктерге тоқталды. Оның айтуынша, мұндай сенім мен қамқорлық спортшыларға қосымша мотивация беріп, биік мақсаттарға ұмтылуға күш сыйлайды.
“Мемлекет спорттан бөлек, өзге салалардың дамуына да жағдай жасап, жас таланттарды қолдап, заманауи инфрақұрылым қалыптастырып жатыр. Мұндай сенім бізге үлкен күш береді”, – деді ол.
Жазба соңында Назым Қызайбай спорттың ел бірлігі мен рухын әлемге танытатын құрал екенін атап өтіп, Қазақстан даңқын асқақтатуға үлес қосып жүргенін мақтан тұтатынын жеткізді.
Назым Қызайбай: