Бек Нұрмағанбет 14 жеңісі бар ресейлік боксшымен жұдырықтасады

Футбол шолушысы
29.06.2026, 21:27

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет келесі қарсыласын білді.

instagram/@nurmaganbet.bek.kazbekuli

Келесі қарсыласы кім? 

Бек Нұрмағанбет кәсіпқой рингтегі кезекті жекпе-жегін өз елінде өткізеді. Алматыда 25 шілдеде ұйымдастырылатын бокс кешінде ресейлік Артыш Лопсанмен кездеседі.

Нұрмағанбеттің қазіргі кәсіби рекорды — 15 жеңіс, 0 жеңіліс, 13 нокаут. Ал оның қарсыласы Лопсан кәсіпқой бокста 14 жеңіс, 3 жеңіліс және 2 тең нәтиже тіркеген. Ресейлік боксшы 9 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Соңғы жекпе-жегін нокаутпен жеңген

Бек Нұрмағанбет соңғы кездесуінде америкалық Стивен Самптерді жеңген. Ол кезде қазақстандық боксшы қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатып, өзінің нокауттық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Самптердің сол уақыттағы көрсеткіші 11 жеңіс, 2 жеңіліс, 1 тең нәтиже және 9 нокаут болған.

Ал Артыш Лопсан соңғы рет биыл қаңтар айында рингке шыққан. Ол отандасы Чеэрав Ашалаевқа қарсы жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіліс тапты.

Лопсан кәсіпқой бокста 2019 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ал Бек Нұрмағанбет кәсіби мансабын 2020 жылы бастаған.

Реклама
Реклама