Аман Қонысбек Азия чемпионатында техникалық нокаутпен жеңіп, Қазақстанға медаль әкелді (ВИДЕО)
Қазақстандық боксшы Джакартада жастар арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалына шықты.
Жоғары қарқында басталған жекпе-жек
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ қазақстандық боксшы алға ұмтылып, қарсыласына үздіксіз қысым жасады. Аман Қонысбек өзіне тән агрессивті мәнерде жұдырықтасып, шабуыл санын арттырды.
Жапониялық боксшы қарсылық көрсетуге тырысқанымен бірінші раундта Қонысбек анағұрлым сенімді көрінді. Бес төрешінің барлығы алғашқы үш минуттықты Қазақстан өкілінің пайдасына 10:9 есебімен бағалады.
Екінші раундта Аман Қонысбек басымдығын одан әрі күшейтті. Оның сол қолмен жасаған джебі Кававатаның қорғанысын бірнеше рет бұзып өтті. Сонымен қатар қазақстандық боксшының оң қолмен бағыттаған қаптал соққыларының бірі қарсыласын нокдаунға түсіруге шақ қалды.
Екінші раундтан кейін Аман төрешілер хаттамасында айқын алға шықты. Екі төреші 20:18, тағы үшеуі 20:17 есебін тіркеді.
Төреші жекпе-жекті үшінші раундта тоқтатты
Шешуші раундта Аман Қонысбектің басымдығы күмән тудырмады. Қазақ боксшысы шабуылын жалғастырып, қарсыласына еркін әрекет етуге мүмкіндік бермеді.
Кававатаның ауыр соққылар қабылдауына байланысты рингтегі төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты. Нәтижесінде Аман Қонысбек техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Осылайша Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алып, Қазақстан құрамасына кемінде қола медаль әкелді.
Бұған дейін Өзбекстан атынан өнер көрсеткен
Аман Қонысбек 2024 жылға дейін Өзбекстан құрамасының сапында жұдырықтасқан. Кейін Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатыса бастады. Былтыр Азия құрлығындағы екі біріншілікте өнер көрсетті. Алдымен Шри-Ланкада ASBC аясында өткен турнирде алтын медаль жеңіп алды.
Кейін Asian Boxing ұйымдастырған жарыстың ширек финалында өзбекстандық Шавкатжон Болтаевтан жеңіліп қалды.