Жарнама
Жарнама

Елена Рыбакинаға US Open-2026 турнирінен бас тарту ұсынылды

Мұны Ресейдің еңбек сіңірген бапкері Виктор Янчук айтты.

Елена Рыбакинаға US Open-2026 турнирінен бас тарту ұсынылды
offside.kz

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаға US Open-2026 турниріне қатысудан бас тартуға кеңес берілді. Мұны Ресейдің еңбек сіңірген бапкері Виктор Янчук айтты.

Маман қазақстандық спортшы үшін қазіргі сәтте нәтиже емес, денсаулықты сақтау маңызды екенін атап өтті.

"Тәуекелге барудың қажеті жоқ"

Виктор Янчук Рыбакинаның жарақатына байланысты US Open алдында күрделі таңдау тұрғанын айтты. Оның пікірінше, теннисші толық қалпына келмей тұрып кортқа шығу арқылы тәуекелге бармауы керек.

"Меніңше, тәуекелге барудың қажеті жоқ. Ең алдымен денсаулық пен алдағы жарыстарды ойлау керек. Бірнеше айдан кейін өтетін Қорытынды турнирге дайындалып, толық қалпына келген дұрыс", – деді Янчук Championat.com басылымына.

Елена Рыбакина жақында Цинциннатиде өткен WTA 1000 турнирінің ширек финалында Ига Швентекке қарсы кездесуді аяқтай алмады. Қазақстандық теннисші бірінші сетте 1:4 есебімен жеңіліп жатқан кезде сол жақ тобығындағы ауырсынуға байланысты матчтан бас тартты. 

Жарақат салдарынан Рыбакина US Open-2026 турнирінің аралас жұптық сынына қатысудан бас тартты. Бастапқыда ол америкалық Тейлор Фритцпен бірге ойнауы тиіс болған. Сонымен қатар Рыбакина Нью-Йоркке келіп үлгерген. Алайда оның US Open турнирінің жекелей сынына қатысатыны жөнінде әзірге ресми шешім жарияланған жоқ.

US Open-2026 қашан өтеді?

Маусымдағы "Үлкен дулыға" санатындағы соңғы турнир – US Open-2026 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында Нью-Йоркте өтеді. 

Жарнама
Жарнама