Азиадада "күміс" алған Сыздықова Астанадағы әлем чемпионатына қатыспайды
Күрестен Астанада өтетін әлем чемпионатына Қазақстан атынан қатысатын балуан қыздар анықталды.
Әлем чемпионатында кімдер күреседі?
Әйелдер құрамасының тізіміне он балуан енді. Ал Азия ойындарының күміс жүлдегері Эльмира Сыздықова жарысқа қатыспайды.
Күрестен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада өтеді. Әйелдер құрамасының бас бапкері Нұрсұлтан Теміров әр салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын боз кілем шеберлерін таңдады.
- 50 кг Зейнеп Баянова (Батыс Қазақстан облысы)
- 53 кг Айнұр Әшімова (Алматы)
- 55 кг Лаура Әлмағамбетова (Қостанай облысы)
- 57 кг Нилуфар Райымова (Түркістан облысы)
- 59 кг Алтын Шағаева (Алматы облысы)
- 62 кг Ирина Кузнецова (Ақмола облысы)
- 65 кг Бейбіт Сейдуәли (Шымкент)
- 68 кг Ирина Казюлина (Абай облысы)
- 72 кг Жәмила Бақбергенова (Алматы)
- 76 кг Гүлмарал Еркебаева (Астана)
Сыздықова тыс қалды
Азия ойындарында финалға дейін жеткен қарағандылық Эльмира Сыздықова әлем чемпионатына қатысатын балуандар тізімінен тыс қалды. Оның 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде астаналық Гүлмарал Еркебаева өнер көрсетеді. Сыздықованың жарысқа қатыспау себебі белгісіз.
Қазақстанның әйелдер күресі құрамасы бұған дейін Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өткен Азия ойындарына қатысқан. Сол жарыста қазақстандық балуандар үш медаль жеңіп алды.