Елдар Аманбаев: Легионерлер қазақ футболшыларының деңгейін жасырып келді
Сарапшының айтуынша, ҚПЛ клубтарының сексен пайызы бес қорғаушымен ойнайтындықтан, құрамада 4-3-3 схемасына лайық футболшылар жоқ.
Журналист әрі сарапшы Елдар Аманбаев Қазақстан құрамасының соңғы ойындарындағы сәтсіздіктің бір себебі ҚПЛ-дың құрылымында жатқанын айтты. Бұл туралы ол "Бірінші бол" YouTube арнасындағы Match Day подкастында айтты.
"Футболшылардың нақты деңгейі білініп қалды"
Сарапшының пікірінше, отандық чемпионатта күшті легионерлер қазақстандық футболшылардың шынайы деңгейін жасырып келеді. Ал ұлттық құрамада ол көмек жоқ – алаңға тек жергілікті ойыншылар шығады.
"Осы төрт ойында көрдік: Қазақстан премьер-лигасы жақсы легионерлерінің арқасында қазақ футболшыларының деңгейін жауып жүр. Біздің футболшылардың нақты деңгейі осы матчтарда білініп қалды", – деді Елдар Аманбаев.
Ол құрамада Башич, Томасов, Гуай, Обагна сияқты легионерлердің жоқтығын атап өтті. Сарапшының сөзінше, осы ойындар қазақстандық футболшылар үшін үлкен мүмкіндік болған.
Неліктен 4-3-3 жұмыс істемеді?
Елдар Аманбаевтың айтуынша, бас бапкердің сүйікті схемасына сай ойыншы табу да қиын. Себебі ҚПЛ-дағы клубтардың басым бөлігі мүлде басқа үлгіде ойнайды.
"Қазақстан премьер-лигасында клубтардың сексен пайызы бес қорғаушымен ойнайды", – деді сарапшы.
Оның пайымдауынша, Джон ван’т Схип отандық футболды толық зерттеп үлгермеген. Егер солай болмаса, бес қорғаушыға көшуді соңғы ойында емес, бірінші матчтан бастап жасар еді дейді сарапшы. Мысал ретінде ол "Ордабасыда" да, құрамада да үш орталық қорғаушы схемасында ойнайтын Сергей Малыйды келтірді.
Елдар Аманбаев проблема тек ұлттық құрамамен шектелмейтінін де айтты. Оның сөзінше, жастар құрамалары да ұтылып жатыр, сондықтан өзгерісті төменнен – U15, U17, U19, U21 деңгейінен және ҚПЛ-дың сапасын көтеруден бастау керек.
Подкаст қонақтары Ермұхамед Мәулен мен Олжас Байбосын да құрамадағы ахуалды талқылап, федерацияға мықты бапкер шақыру үшін қаржы табу қажеттігін айтты.