UFC-ден кеткен Жұмағұлов лигаға қайта оралмақ
Қазақстандық белгілі файтер Жалғас Жұмағұлов UFC-ге қайта оралу жоспары туралы мәлімдеме жасады. Oktagon MMA ұйымының қазіргі чемпионы әлемдегі ең беделді лигаға жыл соңына дейін қайта баруды көздеп отыр.
Қазақстандық ММА файтері Жалғас Жұмағұлов UFC-ге оралмақ. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында айтты.
"Сіздерге ұнай ма, жоқ па, бірақ мен UFC-ге қайта ораламын. Иншаллах. Жыл соңына дейін. Уақыт көрсетеді", — деп жазды қазақстандық файтер.
Жалғас Жұмағұлов UFC-мен алғаш рет 2020 жылдың ақпанында келісімшарт жасасты. Әлемдік лигада ол жеті жекпе-жек өткізді.
Қазақстандық файтер UFC-дегі кезеңін 1 жеңіс және 6 жеңіліс көрсеткішімен аяқтады. Ол Раулиан Пайва, Амир Альбази, Манел Капе, Джефф Молина, Чарльз Джонсон және Джошуа Ваннан жеңілген болатын.
Ал жалғыз жеңісін Джером Ривераға қарсы жекпе-жекте тұншықтыру әдісімен алды.
UFC-ден кеткеннен кейін чемпион атанды
Жұмағұлов 2023 жылдың шілдесінде UFC-ден кетті. Алайда ол мансабын тоқтатпай, Еуропадағы Oktagon MMA ұйымында өнер көрсете бастады.
Кейін қазақстандық файтер ең жеңіл салмақта Oktagon MMA чемпионы атанды. Осыдан соң чемпиондық белбеуін бұрынғы UFC файтері Давид Дворжакқа қарсы жекпе-жекте қорғады.