"Рингке жеңіс үшін шығамын". Балауса Мұздыман айқас алдында мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Отандасымыз 25 шілде күні Алматыда өтетін бокс кешінде қырғызстандық былғары қолғап шебері Аделина Сатыбалдиевамен жұдырықтасады.
Алматыда 25 шілде күні кәсіпқой бокс кеші өтеді. Турнирдің басты жекпе-жегінде Әли Ахмедов пен Асемале Веллем IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін кездеседі. Осы кештің андеркардында қазақстандық боксшы Балауса Мұздыман да рингке шығады.
Мұздыманның қарсыласы кім?
Балауса Мұздыманның қарсыласы Қырғызстан өкілі Аделина Сатыбалдиева. Ол кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді.
Жекпе-жек алдындағы медиа-күннен кейін Балауса Мұздыман әлеуметтік желіде дайындық барысына қатысты пікір білдірді.
"Ертең — ресми салмақ өлшеу. Ал арғы күні рингке тек бір мақсатпен шығамын — жеңіс үшін.
Қолдау білдіріп, сенім артқан әрқайсыңызға алғыс айтамын. Бар күшімді саламын. Бұйырса, кездескенше рингте!" — деді Мұздыман.
Қазақстандық боксшы үшін бұл кездесу ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы айқас болмақ. Мұздыман соңғы рет рингке 2025 жылғы 5 қыркүйекте шыққан еді. Сол кеште ол Үндістан спортшысы Мамта Сингхпен жұдырықтасты.
Айқас төртінші раундта аяқталды. Қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, екінші ең жеңіл салмақта UBO чемпиондық белбеуін жеңіп алды.