Армат Арманұлы қарсыласын төрт рет нокдаунға түсірді (ВИДЕО)
Алматыда ұйымдастырылған кәсіпқой бокс кешінде орта салмақтағы WBA Asia титулы сарапқа салынды. Чемпиондық белбеудің иегері Армат Арманұлы ресейлік Харон Запольскиймен кездесті.
Төрт нокдаун тіркелді
Жекпе-жекке дейін 22 жастағы қазақстандық боксшының еншісінде алты жеңіс пен бір жеңіліс болған. Ал Запольский кәсіпқой рингте сегіз рет жеңіске жетіп, бір мәрте жеңіліп, бір кездесуді тең аяқтаған.
Қазақстандық боксшы алғашқы раундтардан бастап жекпе-жекті бақылауда ұстады. Үшінші раундта Арманұлының соққыларына төтеп бере алмаған Запольский екі рет нокдаунға түсті.
Бесінші раундта да жағдай қайталанды. Ресейлік боксшы тағы екі мәрте еденге құлағаннан кейін төреші кездесуді тоқтатты.
Осылайша Армат Арманұлы бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
WBA Asia титулын қорғады
Бұл жекпе-жек қазақстандық боксшының кәсіпқой мансабындағы жетінші жеңісі болды. Оның төртеуі мерзімінен бұрын аяқталған.
Армат Арманұлы WBA Asia тұжырымы бойынша орта салмақтағы чемпиондық белбеуін сақтап қалды. Ал Харон Запольский кәсіпқой бокстағы екінші жеңілісіне ұшырады.
Кештің басты жекпе-жегінде қазақстандық Әли Ахмедов пен Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Асемахле Веллем кездеседі. Боксшылар жартылай ауыр салмақтағы IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салады.