"Канело" залындағы қазақ боксшысы нокаутпен жеңіске жетті (ВИДЕО)
Бек Нұрмағанбет Алматыдағы өткен кешінде ресейлік Артыш Лопсанды бесінші раундта нокаутпен жеңді.
Бесінші раундта аяқталған жекпе-жек
Жекпе-жек екінші орта салмақта өтіп, сегіз раундқа жоспарланды. Кездесуге дейін қазақстандық боксшы 15 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетіп, оның 13-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Ал Артыш Лопсанның еншісінде 14 жеңіс, үш жеңіліс және екі тең нәтиже болған.
Қазақстандық боксшы алғашқы раундтардан бастап қарсыласына қысым жасап, тізгінді қолына алды.
Бесінші раундта Нұрмағанбет дәл әрі ауыр соққы жұмсап, ресейлікті нокаутқа түсірді.
Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы 16-жеңісіне жетті
Бұл нәтиже Бек Нұрмағанбеттің кәсіпқой мансабындағы 16-жеңісі болды. Қазақстандық боксшы әлі де жеңіліс көрген жоқ.
Оның жаңарған көрсеткіші — 16 жеңіс, 14 нокаут. Ал Артыш Лопсан кәсіпқой рингтегі төртінші жеңілісіне ұшырады.
Айта кету керек, Нұрмағанбет 2021 жылдан бері АҚШ-та Эдди Рейносоның жетекшілігімен жаттығады. Сан-Диегодағы әйгілі залда Сауль Альварес және "Canelo Team" командасының басқа да боксшыларымен бірге дайындық жүргізеді.