Әли Ахмедов қарсыласын үш рет нокдаунға жіберіп, IBO чемпионы атанды (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы
Бүгін, 20:55

Алматыда ұйымдастырылған кәсіпқой бокс кешінің мэйн-ивентінде Әли Ахмедов пен оңтүстікафрикалық Асемахле Веллем кездесті.

instagram/@ali_akhmedov_officialpage

Әли Ахмедов үш рет нокдаун жасады

Жекпе-жек жартылай ауыр салмақтағы IBO тұжырымының "уақытша" әлем чемпионы белбеуі үшін өтіп, 12 раундқа жоспарланды.

Кездесуге дейін Әли Ахмедов кәсіпқой рингте 25 жеңіске жетіп, екі рет жеңілген. Оның 17 жеңісі нокаутпен аяқталды. Ал Веллемнің еншісінде 11 жеңіс, екі жеңіліс және бір тең нәтиже болған.

Қазақстандық боксшы алғашқы раундтан-ақ белсенділік танытып, қарсыласына қысым жасады.

Екінші раундта Ахмедовтың ауыр соққыларына төтеп бере алмаған Веллем екі рет нокдаунға түсті. Оңтүстікафрикалық боксшы кездесуді жалғастырғанымен үшінші раундта тағы бір мәрте еденге құлады.

Осыдан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатып, Әли Ахмедовтың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін жариялады.

IBO тұжырымы бойынша "уақытша" әлем чемпионы атанды

Бұл жеңіс Әли Ахмедовтың кәсіпқой мансабындағы 26-жеңісі болды. Қазақстандық боксшының енді 18 жекпе-жегі мерзімінен бұрын аяқталған.

Сонымен қатар Ахмедов жартылай ауыр салмақтағы IBO тұжырымы бойынша "уақытша" әлем чемпионы белбеуін иеленді. Ал Асемахле Веллем кәсіпқой бокстағы үшінші жеңілісіне ұшырады.

Бұл Әли Ахмедовтың 2025 жылдың желтоқсанынан кейінгі алғашқы жекпе-жегі болды. Ол бұған дейін ганалық Делали Миледзиді төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңген еді.

Реклама
Реклама