Қазақстанның үш дүркін чемпионы жалаң жұдырық лигасында дебют жасайды
Отандасымыз Челябіде өтетін стадиондық турнирде өнер көрсетеді.
Құрметов Челябіде жұдырықтасады
Әділет Құрметов RCC HARD ұйымындағы алғашқы кездесуін қыркүйек айының басында өткізеді. Жекпе-жек Ресейдің Челябі қаласында өтетін стадиондық турнир аясында ұйымдастырылады. Бұл туралы спортшының менеджері Михаил Кандалин мәлімдеді.
Қазақстандықтың дебюттік айқастағы қарсыласы әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен Әділет Құрметов алдағы кездесуге дайындықты бастап кеткен.
One Round турниріндегі жеңісі
Әділет Құрметов биыл мамыр айында One Round нокаут-шоуында жеңімпаз атанған. Ол жеңіл салмақ дәрежесінде үш кездесудің бәрін мерзімінен бұрын аяқтады. Осыдан кейін RCC HARD жалаң жұдырық лигасымен келісімшарт алды.
Айта кетейік, Әділет Құрметов әуесқой бокста Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Ол 2021-2024 жылдар аралығында кәсіпқой рингте де өнер көрсетті. Бұл кезеңде Құрметов үш жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен.