Жарнама
Жарнама

"Қолдау көрсетіңіздер": Назым Қызайбай Азия ойындары алдында жанкүйерлеріне үндеу жасады

Бокстан әлемнің үш дүркін чемпионы Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындық барысы туралы айтып, жанкүйерлерден қолдау сұрады. 

"Қолдау көрсетіңіздер": Назым Қызайбай Азия ойындары алдында жанкүйерлеріне үндеу жасады
Instagram/@nazym_kyzaibay09

Қазақстан құрамасы Жапониядағы шешуші жиынға аттанады

Тамыз айында бокстан Қазақстан құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Қыркүйекте команда Жапонияға барып, Азия ойындары алдындағы дайындықтың қорытынды кезеңіне кіріседі.

Назым Қызайбай әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы айдың түгелдей дерлік жаттығуға арналғанын атап өтті.

"Тамыз айы бір сарында өтіп кеткендей болды: жаттығу, тағы да жаттығу, күн тәртібі мен қатаң тәртіп. Ал қыркүйек маңызды жарыстарға толы болмақ. Сондықтан мен үшін және еліміз үшін жанкүйер болып, қолдау көрсетіңіздер. Осыншама еңбек пен дайындық өз нәтижесін береді деп сенемін", — деп жазды боксшы.

2026 жылғы жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді.

Назым Қызайбай — Қазақстанның ең титулды боксшыларының бірі

Қазақстандық былғары қолғап шебері әлем чемпионатында үш рет топ жарған. Ол алғашқы алтын медалін 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен додада иеленді. Арада екі жыл өткен соң Астанадағы әлем чемпионатында атағын сәтті қорғады.

2025 жылдың наурызында Сербияның Ниш қаласында ұйымдастырылған жарыста жеңіске жетіп, мансабында үшінші рет әлем чемпионы атанды.

Қызайбай Париж Олимпиадасында жартылай финалға дейін жетіп, Азия ойындарының чемпионы қытайлық У Юге жол берді. Дегенмен Олимпиада ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды.

Ал Ливерпульде өткен әлем чемпионатында мансабында төртінші мәрте финалға шықты. Бірақ шешуші жекпе-жекте жеңіліп қалды.

Азия ойындарының алтыны жетіспейді

Назым Қызайбай соңғы рет Қытайдың Гуйянь қаласында World Boxing әлем кубогының кезеңінде рингке көтеріліп, алтын медаль иеленді.

Үш дүркін әлем чемпионының жүлде қорында әзірге Азия ойындарының алтыны жоқ. Жапониядағы бәсеке қазақстандық боксшыға осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді.

Жарнама
Жарнама