Боксшылар Жапонияда Азиада алдындағы соңғы дайындығын бастады

Жарнама
Жарнама

Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары Жапонияда қорытынды оқу-жаттығу жиынын бастады.

Боксшылар Жапонияда Азиада алдындағы соңғы дайындығын бастады
instagram.com/boxingkazakhstan/

Боксшылар жаттығуға кірісті

Қазақстан бокс федерациясы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Жапониядағы жаттығу залынан видео жариялады. Кадрлардан ерлер және әйелдер құрамасының бірлесіп сапқа тұрғанын және алдағы Азия ойындарына дайындықты жалғастырып жатқанын көруге болады.

Бұл жиын қазақстандық боксшылар үшін Нагоя мен Айти префектурасында өтетін құрлықтық дода алдындағы соңғы дайындық кезеңі саналады.

Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы 9 қыркүйекте Жапонияға жолға шыққан. Команда сол жерде қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жарыс алдындағы физикалық және тактикалық дайындығын пысықтайды.

Бокс бәсекелері 21 қыркүйекте басталады

XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Ал бокстан жарыстар 21 қыркүйекте басталады. Осыған байланысты Қазақстан құрамасының Жапониядағы қазіргі жиыны спортшылар үшін турнир алдындағы шешуші дайындық кезеңі болып отыр.

Азиада-2026 жарыстарына Қазақстан атынан 11 боксшы қатысады. Олардың алтауы – ерлер құрамасының, бесеуі – әйелдер командасының мүшелері.

Енді боксшылар Азия ойындары басталғанға дейін Жапонияда дайындықты толық аяқтап, жарыс алаңына шығады.

Жарнама
Жарнама