26 қарашада Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Таиландқа аттанады.
26 қарашада Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Таиландқа аттанады. Отандастарымыз Азия чемпионатында бақ сынайды. Жуырда құрлықтық додада ел намысын қорғайтын 13 боксшының есімі белгілі болған еді. Осы ретте ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында құрамды жасақтау, басты қарсыластар мен алғадағы мақсаттар туралы айтып берді.
"Қазіргі таңда біздің құрамамыз әлемдегі ең мықты командалардың бірі екені сөзсіз. Осы жігіттер Азия чемпионатына барады. Менің ойымша, көптеген спорт түрлерінде біздің бокстағыдай құрам іріктелмеген. Біздің командада 11 еңбек сіңірген спорт шебері, әлем және Азия чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері бар.
Қазіргі уақытта біз Астанада бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Астанаға ресейлік спортшылар келді. Олар жақында өздерінің ел чемпионатын өткізді. Ал қазір бірінші және екінші нөмірлі боксшылары бізбен бірге жаттығуда. Бұдан бөлек, Кубадан бес танымал боксшы келді. Сондай-ақ Грекиядан да спортшылар оқу-жаттығу жиынына қатысуда. Барлығы бізге Азия чемпионатына дайындалуға үлкен көмек көрсетіп жатыр.
Құрлықтық турнирге қатысатын құрамға келсек, тек 67 келі салмақ дәрежесінде кімді апару керектігі нақты анықталмады. Бұл орынға Илья Калинин мен Дулат Бекбауов таласты. Спарринг жекпе-жектерін өткіздік. Жеңіс Дулатқа берілді, сондықтан ол Таиландқа аттанады. Қалған салмақ дәрежелерінде құрамға кімдер кіретіні нақты белгілі болды", -деді бас бапкер.