Бүгін бокстан Қазақстан құрамасы жолға шығады.
Азия чемпионатына аттанатын боксшыларға жалпы есепте топ жару міндеті жүктелді. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов осылай деді. Естеріңізге сала кетейік, байрақты бәсеке 30 қараша күні Таиландтың Чиангмай қаласында басталады. Оған 13 боксшымыз қатысады.
Ұлттық құрама жігіттері Шымкент қаласындағы халықаралық турнирде іріктелген болатын. Қазір олар Астанада соңғы дайындығын пысықтады.
"Жоспар, өздеріңіз білесіздер, бұрыннан бері бара жатқан соң тек қана көбірек "алтын" алып, командалық есепте бірінші орын алу. 2-ші орын, 3-ші орын аламыз деген өз ойым бойынша дұрыс емес. Барған соң тек қана бірінші орын аламыз деген мақсат бізде. Жарыс өте жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын. Қазіргі уақытта бірінші орында жүрген өзбек құрама командасы. Ең басты қарсыласымыз солар деп ойлаймын. Бірақ басқа да командалар, атап айтқанда, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан осал қарсылас емес", - деді Қайрат Сәтжанов.
Бүгін Қайрат Сәтжанов баптайтын былғары қолғап шеберлері жолға шығады. Азия чемпионаты 11-ші желтоқсанға дейін жалғасады.
Айта кетейік, Париж олимпиадасынан кейін отандық бокста бірқатар өзгеріс болды. Бапкерлер құрамы өзгерді. Бұған қоса, шетелден мамандар шақыртылып, спортшылардың физикалық тұрғыда шыңдалуына көмектесіп жатыр.