Ресейден шыққан аралас жекпе-жек шебері бұл туралы әлеуметтік желіде хабарлады.
Ұлты шешен аралас жекпе-жек шебері Хамзат Чимаев Біріккен Араб Әмірліктерінің төлқұжатын алып, ресми түрде осы елдің азаматы атанды. Бұл туралы ол Инстаграм желісіндегі парақшасында хабарлады.
Жалпы, Чимаев Шешенстаннан болғанына қарамастан, соңғы жылдары Абу-Даби қаласында өмір сүріп, БАӘ атынан өнер көрсетіп жүрді.
"Осы елдің намысын қорғау мен үшін үлкен мәртебе. БАӘ-нің қолдауы үшін алғысымды айтқым келеді. Ел мені мақтан тұтуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырысамын", - деп жазды файтер.
Айта кетейік, Хамзат Чимаев спорттық мансабында 14 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтады. Соңғы рет ол былтыр қазанда жұдырықтасқан болатын. Сол кезде Роберт Уиттакерді бірінші раундта жеңген еді.