Айқас Лас-Вегас қаласында UFC Vegas 104 турнирінде өтеді.
UFC ресми түрде жартылай ауыр салмақтағы қазақстандық файтер Дияр Нұрғожайдың (10-0) дебюттік айқасы қашан өтетінін жариялады. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.
16 наурызға жоспарланған айқас Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өтеді. UFC Vegas 104 турнирінің басты кардында Дияр Нұрғожай бразилиялық Брендсон Рибейромен (16-7) күш сынасады. "Горилла" лақап атымен танымал бразилиялық файтер Нұрғожай үшін үлкен сынақ болмақ.
Дияр Нұрғожай UFC қатарына Дана Уайттың Үміткерлер сериясы арқылы өткен. Ол былтыр қазан айында поляк Бартош Шевчикті жеңіп, беделді промоушнде өз орнын тапты.
Бразилиялық Рибейро да UFC-ге дәл осындай жолмен келді. 2023 жылдың қыркүйегінен бері ол үш жекпе-жек өткізіп, олардың біреуінде жеңіске жетіп, екеуінде жеңіліс тапқан (1-2).
Турнирдің басты айқасында Италия өкілі Марвин Веттори (19-7-1) мен Грузия файтері Роман Долидзе (14-3) арасындағы реванш өтеді.