Әлімханұлы Қазақстандағы жекпе-жек қарсаңында Джалоловқа үндеу жасады

Редактор Penalty.kz
11.03.2025, 07:22

Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы алдағы жекпе-жекке қатысты өзбекстандық суперауыр салмақ боксшысы Баходир Джалоловтың мәлімдемесіне жауап берді.

liter.kz

Баходир Джалолов ресми түрде 5 сәуірде Астанада өтетін ауқымды бокс кеші – "Батырлар шайқасы" аясында рингке шығатынын мәлімдеді.

Қарсыласының есімі әзірге белгісіз. Бірақ спортшы қазақстандық жанкүйерлерге әлеуметтік желі арқылы үндеу жасады.

"5 сәуір. Астана. Жақында кездесеміз, Қазақстан!" – деп жазды Джалолов өзінің Instagram парақшасында, жекпе-жек афишасымен бөлісіп.

Өзбекстандық суперауыр салмақтағы боксшының бұл жазбасына қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлы жедел түрде пікір білдіріп, жылы лебізін жолдады.

"Біз сізді қарсы аламыз. Көп жеңіс тілейміз!" – деп жазды "Қазақ стилі" лақап атымен танымал Әлімханұлы.

5 сәуір күні өтетін бокс кешінің негізгі жекпе-жегі – Жәнібек Әлімханұлы мен француз боксшысы Анауэль Нгамиссенге арасындағы айқас болмақ.