Қазақ боксшысы "әйелдер арасындағы Мұхаммед Әлиді" нокдаунмен жеңді

Редактор Penalty.kz
12.03.2025, 10:10

Жасмин Қизатова Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионатында алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.

Instagram/@qaz_team_official

66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Кизатова 1/8 финалда Кабо-Верде өкілі Ивануса Морейрамен қолғап түйістірді. Бұл кездесуде қазақстандық спортшы айқын басымдықпен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Айта кетерлігі, екінші раундта Морейра нокдаунға түсіп, ауыр сәттерді бастан өткерді.

Бұл жеңістен кейін Жасмин Қизатова әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алып, медаль үшін күресін жалғастыруда. Еске сала кетсек, ол 2024 жылы Таиландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған еді.

Мұхаммед Әлимен салыстырылатын қарсылас

Жасминнің қарсыласы Ивануса Морейра – Африка чемпионы. Оның стильдік ерекшелігі мен қозғалысы ерекше болғандықтан, әріптестері "әйелдер арасындағы Мұхаммед Әли" деп атап кеткен. Бұл туралы өзі шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында мәлімдеген.

Гүлсая Ержан бәсекені аяқтады

Ал 81 келідегі Гүлсая Ержан ширек финалға шыға алмады.

Ол 1/8 финалда Хиаоменг Вангпен алма-кезек соққы алмасса да, Қытай спортшысы жылдамдық жағынан сәл басымдау болды. Есеп: 0:5.