Аса ауыр салмақта өнер көрсететін өзбекстандық боксшы Баходир Джалолов (14-0, 14 KO) Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуы мүмкін екенін айтып, көпшілікті таңқалдырды.
2024 жылдың жазында Парижде екінші Олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін 30 жастағы "Үлкен өзбек" толықтай кәсіпқой боксқа бет бұратынын мәлімдеген. Бірақ жақында Boxing News басылымына берген сұхбатында ол үшінші Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтып, тарихта қалғысы келетінін жеткізді.
Джалоловтың бұл мәлімдемесі көпшілікке ұнамай қалды. Әлеуметтік желіде, әсіресе Х платформасында, жанкүйерлер боксшыны сынның астына алды. Олар оның кәсіпқой бокстағы амбициясының жоқтығын, әрі жас таланттардың жолын бөгеп жатқанын ашық жазды:
“34-ке келіп, әлі де әуесқой боксқа қайта оралу туралы ойлап жүргені күлкілі”
“Баходир, сен 30-дасың! Әуесқой бокс сенің артыңда қалуы тиіс. Кәсіпқой рингке назар аудар”
“Бұл нағыз ұят. Жас боксшыларға мүмкіндік бер. Эгоизмнің шегі жоқ екен”
“Олимпиадалық боксты басқаратын жаңа ұйым мұндайға тоқтау салуы керек. Кәсіпқойлар Олимпиадаға қатыспауы тиіс”.
Айта кетейік, Баходир Джалоловтың кәсіпқой рингке оралуы 5 сәуірге жоспарланған. Жекпе-жек Астанада өтеді. Қарсыласы — украиналық Игорь Шевадзуцкий (12-2, 10 KO).