"Странджа кубогының" жеңімпазы, жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы Сабырхан Төрехан кәсіби бокстағы алғашқы жекпе-жегіне белсенді дайындық жүргізіп жатыр.
Софияда өткен беделді халықаралық турнирде топ жарған қазақстандық боксшы енді өзінің кәсіби мансабын бастауға дайын. Желідегі бейнежазбада Сабырханның рингте "көлеңкемен айқас" жасап, техникалық және тактикалық шеберлігін шыңдап жатқаны көрінеді. Ол – Қазақстан құрамасының мүшесі әрі тарихта алғаш рет жасөспірімдер мен жастар арасында төрт мәрте Азия чемпионы атанған боксшы.
Сабырхан Төрехан кәсіби бокстағы алғашқы кездесуін 5 сәуір күні Астанада өтетін бокс кешінде өткізеді. Бұл шара отандық жанкүйерлер үшін аса маңызды оқиға болғалы тұр.
Айта кетейік, осы кештің басты жекпе-жегінде орта салмақтағы WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгеге қарсы титулдарын қорғайды.