Азия чемпионатындағы алғашқы жүлде – Ибрагим Магомадов қола медаль иеленді (ВИДЕО)

Редактор Penalty.kz
25.03.2025, 22:04

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының балуаны Ибрагим Магомадов Азия чемпионатында ел қоржынына алғашқы жүлдені салды. 

kazsports.kz

Ибрагим Магомадов 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын абыроймен қорғады. Үшінші орын үшін өткен тартысты белдесуде отандасымыз иорданиялық Амро Садеден басым түсті. Бұл жеңіс Қазақстан құрамасына чемпионаттағы алғашқы медальді сыйлады.

Айта кетейік, бүгін қазақстандық тағы бір балуан – 87 келіде белдескен Шамиль Ожаев қола медаль үшін күреске шығады. Оның қарсыласы әзірге анықталған жоқ.

130 келі салмақ дәрежесінде Әлімхан Сыздықов Азия чемпионатының финалына өтті. Бұл – алтын медальге деген үлкен мүмкіндік. Финалдық белдесу ертең өтеді. 

Өкінішке қарай, 55 келіде Ербол Камалиев пен 63 келіде Сұлтан Әсетулы үшінші орын үшін күресте қарсыластарына жол беріп, жүлдеден тыс қалды.