Шапалақ үшін 6 ай! Еркебұлан Тоқтар жауапқа тартылды

Редактор Penalty.kz
26.03.2025, 18:23
NUR.KZ

Қазақстандық аралас жекпе-жек (ММА) шебері Еркебұлан Тоқтар Octagon лигасынан алты айға шеттетілді. Шешім спортшының өзбекстандық қарсыласы Одилхон Камоловпен болған жанжалына байланысты қабылданған. Бұл туралы Tengri Sport хабарлады.

Алматыдағы қақтығыс: жеке жанжал ұлтаралық дауға ұласты

Бірнеше күн бұрын Алматы қаласында Еркебұлан Тоқтар мен оның ұзақ жылдан бергі қарсыласы Одилхон Камолов арасында жанжал туындады. Жеке араздық ашық текетіреске ұласып, Тоқтар қарсыласына шапалақпен соққы берген.

Оқиға әлеуметтік желіде кең тарап, қоғамдық резонанс тудырды. Пікір алаңдарында ұлтаралық сипаттағы түсініспеушіліктер де байқалды. Осы жағдайға байланысты Еркебұлан Тоқтар мәлімдеме жасап, бұл жанжалдың жеке сипатта екенін және ұлтқа еш қатысы жоқ екенін ашық айтты.

Octagon шешімі: екі спортшы да жазаланды

Қоғамдық қысым артқан соң Octagon лигасы екі спортшыға да 6 айлық дисквалификация қолданды. Жанкүйерлер арасында бұл жанжал арнайы ұйымдастырылған трюк деген болжамдар да айтылды. Алайда лига мұндай "PR" әдісін қабылдамады.

Скриншот Фото: tengrisport.kz

Тоқтар vs Камолов: 1:1 

  • 2022 жылдың шілдесінде Камолов Тоқтарға қолын ауырту әдісін жасап, үшінші раундта жеңіске жетті.
  • 2023 жылы наурызда Еркебұлан Тоқтар төрешілер шешімімен қарсыласынан басым түсті.

Бүгінгі таңда екі спортшының есептік көрсеткіші тең — 1:1. Жанкүйерлер арасында бұл қақтығыс трилогияның үшінші жекпе-жегіне дайындық болуы мүмкін деген пікірлер де бар.