
Алматылық "Қайраттың" шабуылшысы Дастан Сәтпаев Қазақстан Премьер-Лигасындағы кезекті ойынында жарқырай көзге түсті. "Атырауға" қарсы өткен матчта (4:1) екі гол соғып, бір нәтижелі пас берді.
Сәтпаевтың жарқын ойынына алғашқылардың бірі болып Англиядағы “Chelsea Loan Army” аккаунты (бұрынғы Twitter, қазіргі X) назар аударды. Бұл парақша лондондық клубпен байланысы бар футболшылардың ойынын тұрақты бақылап отырады.
“Қазақстан чемпионатындағы небәрі екінші ойында Дастан Сәтпаев екі гол мен бір ассист жасады”, — делінген жарияланымда.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев қазір “Челси” клубымен келісімшартқа отырған. Бірақ 18 жасқа толғанға дейін ол кәсіби тәжірибесін “Қайрат” сапында жинайды. Жас футболшы ел чемпионатында сенімді ойын көрсетіп, ересектер арасындағы додаға бейімделіп үлгергенін дәлелдеп жатыр.