
Футбол клубының басшысы Дидар Сыдықбек күтпеген шешім қабылдап, "Атырау" командасындағы жұмысын тоқтататынын хабарлады.
Бұл туралы ол өзінің Telegram-арнасында жазды. Дидар Сыдықбек 27 наурызда "Атырау" клубының бас директоры болып тағайындалған еді. Алайда араға бар-жоғы 17 күн салып, ол бұл лауазымды босатуға бел буды. Оның айтуынша, шешімді өзі қабылдаған және ешкім қысым көрсетпеген.
"Достар, өмірде ең маңыздысы — өз-өзіңе және сіздерге адал болу. Сондықтан ашық айтамын: келесі аптада" Атыраудан" кету мәселесін талқылаймын. Неге “талқылаймын” деймін — себебі клубқа өз қалтамнан қаржы салдым және бұл бойынша сұрақтар бар. Сонымен қатар клубты көтеру үшін үлкен жауапкершілік алдым, енді соның бір бөлігін қайтарғым келеді. Атырауды және осы клубқа қатысы бар жандарды қатты жақсы көріп қалдым. Негатив жоқ, ешкім кетуге мәжбүрлеген жоқ. Тек мен бәрі оңай болады деп ойлаппын..." — деп жазды Сыдықбек.
Сонымен қатар ол соңғы үш апта ішінде қатты шаршағанын айтып, демалуға ниетті екенін білдірді. Алдағы уақытта медиафутболдан өтетін турнир — МФЛ-ға дайындалатынын мәлімдеді.
Сыдықбек жазбасында клуб пен облыс әкімдігі арасындағы қарым-қатынасты жақсартқанын өзінің жалғыз жетістігі деп атап өтті.
"Өкінішке қарай, тек бір ғана нәрсеге мақтана аламын — клуб пен облыс басшылығы арасындағы байланысты дұрыстадым", — деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, Дидар Сыдықбек — медиафутбол клубы SD Family жобасының негізін қалаушы. Бұл команда кейін Қазақстанның Бірінші лигасында кәсіби түрде ойнай бастаған болатын.