"460 адам көз жұмды": ІІМ мас жүргізушілердің қылмысын видео арқылы әшкереледі (ВИДЕО)
Қазақстан Ішкі істер министрлігі мас күйінде көлік басқарудың қайғылы салдарын көрсету мақсатында шынайы видео жариялап, қоғам назарына дабыл қақты.
Статистика — мәнсіз сандар емес, адами трагедиялар
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, соңғы бес жыл ішінде ішімдік ішіп рульге отырған жүргізушілер 2 500-ден астам жол апатына себепші болған. Соның салдарынан 460-тан астам адам қайтыс болып, 3 300-ден аса адам жарақат алған.
"Бұл жай сандар емес – бұл тағдыры күйреген отбасылар, жетім қалған балалар, баласынан айырылған ата-аналар. Мас күйде көлік жүргізу – тек құқықбұзушылық емес, бұл – адам өміріне қауіп төндіретін қылмыс", — деп мәлімдеді ол.
"Мас жүргізуші – қылмыскер»
Министрліктің мәліметінше, кейбір азаматтар қазір мас күйінде көлік басқарғаны үшін салынған әкімшілік жазаны жоюды талап етіп отыр.
Алайда ІІМ бұл ұсынысты түбегейлі орынсыз деп есептейді:
"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабындағы жазаны жұмсартуға келісе алмаймыз. Мас жүргізушілерге жеңілдік жасау – қоғамның қауіпсіздігіне төнген қатермен тең", — дейді Әлекешев.
Алматыдағы оқиға бейжай қарауға болмайтын дәлел
Мысалы жуырда Алматыда болған соққы толы жол-көлік апаты қоғамның есінен кетпек емес.
"Жол жұмысын атқарып жатқан екі қызметкерді мас жүргізуші қағып кетті. Екеуі де қаза тапты. Олар – өз міндетін орындап жүрген, бейбіт күнде ажал құшқан азаматтар. Бұл — жауапсыздықтың құрбандары", — деп қосты министрлік өкілі.
Жағымды динамика бар: мас жүргізушілер саны азаюда
Бұған қарамастан ІІМ мас күйінде көлік жүргізуге қарсы қабылданған шаралардың нәтижесін де атап өтті:
"Көлік саны жыл сайын артып жатқанына қарамастан мас күйде ұсталған жүргізушілер саны төмендеген. Бұл – біздің жұмысымыздың оң нәтижесі", — дейді Әлекешев.