Льюис Хэмилтон Ferrari командасының болашағына күмән келтірді. Канада Гран-приінен кейін Хэмилтон мен Шарль Леклер командаға жаңартулар мен стратегияны қайта қарау қажеттігін қатаң ескертті.
Ferrari жанкүйерлері үшін өткен демалыс қиын сәттердің бірі болды. Маранелло ұжымы екі жарысты қатарынан подиумда аяқтағаннан кейін (Шарль Леклер Монако мен Испанияда үшінші болды), Канада Гран-приінде алғашқы үштікке ене алмады. Монреальдағы жексенбіде Леклер бесінші, ал Льюис Хэмилтон алтыншы орынмен шектелді. Бұл нәтиже Ferrari-ді командалық есепте үшінші орынға сырғытып, Mercedes-пен арадағы айырмашылықты 16 ұпайға жеткізді. McLaren болса мүлде алда – 191 ұпай айырмашылықпен.
Жарыстан кейінгі сұхбатында жеті дүркін әлем чемпионы Льюис Хэмилтон Ferrari-дегі жағдайға қатысты өткір пікір білдірді:
"Қазір бізге жаңартулар ауадай қажет. Неліктен оларды әкелмей жатқанын білмеймін. Дегенмен, бір жаңарту жақында пайда болады деп үміттенемін".
Алайда Ferrari командасының жетекшісі Фред Вассер бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, басты мәселе техникалық жағынан емес:
"Жаңартулар болады, бірақ техникалық өзгерістер басты проблема емес. Мәселе – демалыс күнін дұрыс құра алмауда. Бірінші секторда рекорд орнатып, машина жұмыс істемей жатыр деу дұрыс емес".
Хэмилтон жарыс кезінде алаңда жүрген суырды қағып кетіп, көлігіне зақым келтірген. Бұл оның нәтижесіне әсер етті. Ол команданың ішкі жағдайына байланысты қысқаша пікір білдірді:
"Көп нәрсе болып жатыр, бірақ бәрін ашық айта алмаймын. Анығы – бізде чемпиондыққа сай машина жоқ. Келесі жылы мықты көлікпен шығу үшін қазірден жұмыс істеуіміз керек. Биылғы маусымға көп алаңдаудың қажеті жоқ".
Хэмилтонның қазіргі мақсаты – ұзақ мерзімді табысқа бастар негіз құру:
"Мен қазір өзгерістерге оң әсер етуді қалаймын. Бұл команданың келешектегі жетістігі үшін қажет. Өзгерістер қажет, бірақ нақты не екенін әзірге айтпай-ақ қояйын".
Ferrari командасының тағы бір пилоты Шарль Леклер өз жексенбісіне көңілі толмағанын жасырмады. Жарыс кезінде радиомен бірнеше рет стратегияға наразылығын білдірді:
"Қатты шиналармен өзімді жақсы сезіндім. Орташа қаттылықтағы резинамен тәуекел еткім келді, бірақ команданың қолында бізден көбірек дерек бар. Жұма күнгі ерте сессиядағы қателік пен кейінгі іріктеудегі сәтсіздік маған кедергі келтірді. Басқалардың нәтижелері мені алаңдатпайды, бірақ жеңіске жете алатын көлік болмағаны көңілсіз етеді".
Ferrari командасы үшін Канада Гран-приі – қайта ойлануға себеп. Хэмилтон мен Леклердің мәлімдемелері техникалық жағынан да, стратегиялық тұрғыдан да ішкі үйлесімділік пен жаңғырту қажеттігін көрсетіп отыр. Команда үшін келесі жарыстар – тек нәтижені жақсарту емес, болашақты жоспарлаудың негізгі кезеңі.