Өзін-өзі қуаттайтын құрылғы жуырда Наньнин қаласына қойылды.
Қытайда мобильді робот-қуаттағыштар кез келген автотұрақ орнын электр көліктерін қуаттау нүктесіне айналдырып жатыр. Бұл туралы Kursiv media хабарлады.
"Мобильді пауэрбанк" деп аталған ықшам, өзін-өзі қуаттайтын құрылғы Наньнин қаласына қойылды. Бұл электрмобиль иелерінің көптен бергі мәселесін жеңілдетті. Жүйе қымбат инфрақұрылымды жаңартуды қажет етпей-ақ, сұраныс бойынша қуаттауды ұсынады.
400-ден астам электрмобиль иесі тұратын Линьлицяо Цзяюань тұрғын кешенінің тұрғындары енді мобильді қосымша арқылы интеллектуалды робот-қуаттағышты шақыра алады. Биіктігі шамамен 1,5 метр. Шамамен 100 кВт⋅сағ сыйымдылықтағы батареямен жабдықталған. Ол тұрақтағы көлікке өзі келіп, бірнеше минут ішінде жылдам қуаттауды бастайды. Компания мәліметінше, қуаты 10%-ға дейін түскен көлікті шамамен 40 минуттан 1 сағатқа дейін толықтыруға болады.
"Мобильді пауэрбанк" — Eraergy әзірлеген "Energy Tank" атты өнім. Компания бұл тұжырымдаманы энергия сақтау жүйелері, басқарылатын шасси және интеллектуалды басқаруды біріктіретін, қуаттау мен энергиямен қамтамасыз етудің кешенді жаңа буыны ретінде сипаттайды.
Айта кететін жайт, 21 мыңнан аса қазақстандық электркөлікпен жүреді.