Еуропа мен АҚШ-та 2025 жылғы үздік машина анықталды

Редактор Penalty.kz
14.01.2025, 20:36

Қарт құрлықта — Renault 5 ретрохетчі, мұхиттың арғы бетінде Honda Civic гибриді жеңімпаз атанды.

kolesa.kz

Қаңтарда автомобиль әлеміндегі қорытындылар шығып, өткен жылдағы үздік машина конкурстарының жеңімпазы белгілі болады. Еуропаның 23 елінен жиналған алпыстан аса автожурналист әр кандидатқа балл беріп, үздіктерді анықтады. Бұл жолы 353 балл жинаған Renault 5 жеңіске жетті, деп жазады kolesa.kz.

Renault өнімі екінші жыл қатарынан «Еуропаның жыл автомобилі» (COTY) атанып отыр, былтыр Scenic моделі жеңімпаз болған.

Екінші орын 291 балл жинаған Kia EV3-ке бұйырды. Үздік бестікке Citroen C3/eC3 (215 балл), Hyundai Inster (172), Dacia Duster (168), Cupra Terramar (165) және Alfa Romeo Junior (136) енді. Демек Еуропа тұрғындарына шағын хетчбэк пен арзан кроссоверлер ұнайды. Тізімдегі көліктердің тең жартысы — электромобиль.

Сондай-ақ Детройт автосалонында «Солтүстік Американың жыл автомобилі» (NACTOY) конкурсының жеңімпазы анықталды. Мұхиттың арғы бетінде Honda Civic Hybrid үздік шықты, ол Kia K4 пен Toyota Camry-ді артта қалдырды. Пикаптар арасында бірінші жүлде Ram 1500 бен Toyota Tacoma-ны басып озған Ford Ranger-ге бұйырды.

Utility категориясында күтпеген жерден Volkswagen ID.Buzz минивэні топ жарды, ол Chevrolet Equinox EV мен Hyundai Santa Fe-ден басым түсті.