Жаңа сақтандыру класы 7 сәуірде күшіне енеді

Редактор Penalty.kz
07.02.2025, 19:00

Жаңадан көлік жүргізе бастағандар мен ережені елемейтіндер сақтандыру полисін қымбатқа алады. Ереже бұзбайтын жүргізушілерге жеңілдік жасалады.

kolesa.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі міндетті сақтандыру сыйлықақысын белгілеу үшін «бонус-малус» жүйесінің коэффициентін есептеу мен қолдану ережелеріне түзету енгізді. Құжатқа сәйкес, биыл 7 сәуірден бастап жаңа сақтандыру класы күшіне енеді:

*Коэффициент кестесіндегі өзгерістер.

Ең жоғары және ең арзан сақтандыру класы 13-класс болып қалады. Ал ең төменгісі — М2. Осы кластағы жүргізушілер үшін полис құны 13-класқа қарағанда жеті есе қымбат болады.

Сақтандыру полисін алғаш рәсімдегендер А класын (коэффициент 1.8) алады. Қазір жаңа жүргізуші 3-класс алады, оның коэффициенті 1. Осылайша, түзету күшіне енгеннен кейін сақтандыру екі есе қымбаттайды. Ал Қазақстанға уақытша кірген барлық жүргізуші бірден тәжірибелі деп танылып, оларға 13-класс беріледі.

7 сәуірден бастап жүргізуші жол ережесін өрескел бұзған жағдайда сақтандыру класы М2-ге дейін төмендейді:

  • мас күйінде көлік жүргізу;
  • көлікті мас жүргізушіге тапсыру;
  • мас күйінде жасаған жол апатынан адамдар зардап шексе не қайтыс болса.

Мына ережелерді үш және одан көп мәрте бұзған жүргізушінің сақтандыру класы бірден екі деңгейге төмендейді, осылайша полис құны артады

  1. жылдамдықты 40 км/сағ немесе одан жоғары асыру;
  2. бір жыл ішінде қайталаса (жылдамдық 20 км/сағ немесе одан асса);
  3. қарсы жолаққа шығу (ереже бойынша тыйым салынса) және бұрылса немесе кері бұрылса;
  4. бағдаршамның қызыл түсіне өту немесе реттеушінің белгісіне бағынбау (теміржол өткелінен дұрыс өтпеуді қоспағанда);
  5. жаяу жүргіншіге немесе басқа жол қозғалысына қатысушыларға жол бермеу;
  6. басқа жүргізушілерді жылдамдықты немесе қозғалыс бағытын күрт өзгертуге мәжбүр ететін апатты жағдай туғызу;
  7. техникалық регламентке немесе ұлттық стандартқа сай келмейтін ақаулы немесе рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті басқару;
  8. тежеуіш жүйесінде, рөлінде немесе тіркемесінде ақауы бар көлікті жүргізу;
  9. осыларды бір жыл ішінде қайталау.

Класты бірден екі деңгейге төмендету сияқты ұқсас шара ауыр зиян келтірген жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушіге және бір аймақта тіркеліп, басқа аймақта апат жасаған көлікке қатысты болады. Бұл норма тек оқиға болған аймақтың коэффициенті көлік тіркелген аймақтан төмен болған жағдайда қолданылмайды.

Жол апатына түспеген жүргізушінің класы жыл сайын жоғарылайды. 7 сәуірден бастап 5 жылдан астам уақыт үздіксіз 13-класта апатсыз жүрген жүргізушіге сыйақы беріледі. Оны ынталандыру мақсатында төмен сақтандыру коэффициенті беріледі. Бірақ кестедегі мәннен жоғары болмауға және нөлден төмен түспеуге тиіс.