Астанада ақылы автотұрақ жүйесін мемлекеттік басқаруға беру процесі аяқталуға жақын. Қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевтың мәлімдеуінше, келісімге қол қойылған, ал жазға қарай тұрақ жүйесі толық мемлекеттік бақылауға өтеді.
Қазір ақылы тұрақтарды мемлекет балансына беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл процесті жаздың басына дейін аяқтау жоспарланған.
"Қазіргі уақытта көшу процесі жүріп жатыр. Біз барлық жұмыстарды жаздың басына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз", – деді Ерсін Өтебаев қалалық мәслихаттың кезекті отырысында.
Ақылы тұрақтар реформасы аясында:
Алдымен автотұрақ жүйесі халық көп шоғырланған аудандарда жетілдіріледі.
"Алғашқы кезеңде Көлік қозғалысын ұйымдастыру орталығы бос тұрақ орындарын тиімді пайдалануды қолға алады. Біз тұрақ аймақтарын үш санатқа бөлдік, ең алдымен, халық тығыз орналасқан аудандарды реттеуге кірісеміз. Жаңа әкімшілік жүйе аясында тұрақтарға камералар орнатылып, эвакуациялау механизмі іске қосылады. Бұл жүйені басқаруды мемлекеттік компания жүзеге асырады", – деп түсіндірді Өтебаев.
Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек "Парковочное пространство Астаны" ЖШС-мен келісімшарт бұзылатынын, ал ақылы тұрақтардың қала балансына берілетінін мәлімдеген еді.
"Тұрақ мәселесі көлік басқармасының қатаң бақылауында болуы керек. Оларды жеке компанияларға беру жоспарланып отырған жоқ, керісінше, мемлекет қарамағына қайтарылады", – деді әкім.