Астана-Аренадағы концерт жайлы: Джей Ло Қайрат Нұртастан арзанға түседі
Бұл туралы аталған шоуды ұйымдастырушы Мәлік Хасенов мәлімдеді.
1 тамыз күні елордадағы «Астана Аренада» өтетін Дженнифер Лопестің концертіне байланысты «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов брифинг өткізіп, Астана-Аренада өтетін концертке неліктен дәл осы әлемдік жұлдыз таңдалғанын түсіндірді.
"Қиын таңдау болды: Қайрат па, Джей Ло ма?"
Мәлік Хасенов әзілмен сөз бастап, Лопес пен Қайрат Нұртастың арасындағы таңдаудың қалай жасалғанын айтып өтті:
«Қиын таңдау болды. Біз Дженнифер Лопес пен Қайрат Нұртас екеуінің біріне таңдау жасадық. Сосын бағаларын салыстырып көрдік. Бағасы арзан болған соң, таңдау Дженнифер Лопеске түсті», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, нақты шешім қабылдауға жарты жыл уақыт кеткен. Осы кезеңде продюсерлік топ 13 түрлі әлемдік жұлдыздың гастрольдік бағыттарын зерттеген.
Instagram-да 258 миллион оқырман – үлкен мүмкіндік
Мәлік Хасеновтің айтуынша, таңдау барысында әртістің танымалдығы мен гонорары, логистика мүмкіндіктері де есепке алынған.
«Меніңше, Instagram-да 258 млн жазылушысы, бізден он есе көп тыңдарманы бар әртістің бізге келуі өте керемет», – деді ол.
Билеттер ертең сатыла бастайды
Жаңа концерт Дженнифер Лопестің Up All Night атты әлемдік турының аясында өтеді. Тур 1 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Әнші Анталья, Ыстамбұл, Мадрид, Барселона, Будапешт, Варшава, Бухарест және Абу-Даби сынды қалаларда өнер көрсетеді. Қазақстан – бұл тізімдегі маңызды нүктелердің бірі.
Билеттер 11 сәуірде ресми түрде сатылымға шығарылады.