RaiM мен Ерке Есмахан Америкада сот алдында жауап беруі мүмкін

Редактор Penalty.kz
25.04.2025, 16:50

Қазақстандық шоу-бизнестің танымал жұбы – Райымбек Бақтыгерей (бұқараға Райм атымен белгілі) мен Ерке Есмахан АҚШ-тағы сот процесіне тартылуы мүмкін. Бұған олардың концерт ұйымдастырушы Талғат Әбдірахмановты қаржылай шығынға ұшыратқаны мен шетелдік тыңдармандарын алдап кеткені себеп.

almaty.tv

Ұйымдастырушының мәлімдемесі

АҚШ аумағында түрлі концерттер ұйымдастырып жүрген Талғат Әбдірахманов қазір ерлі-зайыпты жұлдыздарға қарсы сот шағымын дайындап жатыр. Оның айтуынша, әншілер АҚШ-та екі рет концерт өткізуге уәде беріп, үшінші жолы келісімнен біржола бас тартқан.

“2024 жылдың наурызынан бастап 2025 жылдың қаңтарына дейін мен олардың талап-тілектерін орындап келдім. Ақыр соңында, олардың қыңырлығына бола жүйкем мен ақшамды құрдымға жібердім”, – дейді Әбдірахманов.

Тур идеясы қалай басталды?

Талғаттың айтуынша, 2024 жылдың көктемінде RaiM өзі байланысқа шығып, NBA матчтары өтетін жаз айларында АҚШ-та концерттік тур ұйымдастыруды ұсынған. Әнші бұл жолы жолдасы Ерке Есмаханмен бармақшы екенін білдірген. Ал ұйымдастырушы бұған оң көзбен қарап, келісімін берген.

Алайда жаз мезгіліне басқа концерттік кештің жоспарланғаны себепті, турды күзге ауыстыру ұсынылған. RaiM бұған келісіп, қыркүйек айында келеміз деген уәде берген.

Уақыт озған сайын жағдай шиеленісе түсті

Дегенмен RaiM-ның командасы құжаттарды рәсімдеуді кейінге қалдыра берген, ал нақты мерзім таяғанда тек RaiM-ның визасы дайын болған, Ерке Есмахан тиісті рәсімдерге үлгере алмаған.

“Мен бұл жағдайда ешқандай қиындық жоқ екенін айтып, концертті бір айға шегеруімізге болады дедім. Осылайша, Еркенің де визасы дайын болар еді. Бірақ RaiM Қазақстандағы жоспарлы кештерге байланысты қазан айында келуге мүмкіндік жоғын айтып, концертті 2025 жылдың ақпанына шегеруді ұсынды. Біз бұл нұсқамен келісіп едік», – дейді Талғат Әбдірахманов.

АҚШ соты RaiM мен Еркенің әрекетін қалай бағалайтыны әзірге белгісіз. Бірақ бұл жағдай көпшілікке шоу-бизнес саласында келісімшарттарға салғырт қараудың салдарын көрсетіп отыр.