"Күндіз анамды жерледім, кешке той басқардым": Танымал асаба жүрекжарды сырын ақтарды

Редактор Penalty.kz
28.04.2025, 22:00

Әлеуметтік желіде "супер тамада" атымен танылған Сабыржан өз өміріндегі ең ауыр сәттердің бірі туралы ашық әңгімеледі.

paryz.kz

Сабыржан өміріндегі ең қиын тойдың анасының қазасымен тұспа-тұс келгенін айтты. Асаба қайғылы жағдайға қарамастан тойды өткізуге міндетті болғанын еске алды:

“Той болатын күні асабаның басынан да түрлі жағдай өтеді. Мен үшін ең ауыр той анамнан айырылған күнім болды. Үйде жақындарымды жұбатуға тырыстым. Өзім сыртқа шығып, көлігімде жасырын жыладым... Бірақ ертеңіне екі той өткізуім керек болды”, — дейді ол.

Асабаның серігі Айбек той иелеріне қайғылы жағдай туралы хабарлаған. Той иелері Сабыржанға көңіл айтып, жағдайды түсіністікпен қабылдаған.

Сабыржан анасының жерлеу рәсімінен кейін әкесінен: “Алған аманаттарым бар еді, не істейін?” — деп сұрағанын айтады. Әкесі болса:

“Балам, аманатыңа адал бол. Туыстарға "Сабыржан ауырып қалды" деп түсіндіреміз. Бара бер”, — деп қолдау білдірген.

Осылайша, асаба Аягөздегі тойға біраз кешігіп жетсе де, міндетін атқаруға бел буған. Сабыржан ресторанға кіргенде 400 адамның ду қол шапалақтап қарсы алғанын айтты:

“Сол сәтте бар қайғымды ұмытып, бір жарым сағат бойы тойды жоғары деңгейде өткіздім”, — дейді ол.

Асаба бұл оқиғаны өзінің өміріндегі ең ауыр той ретінде сипаттады.