Ұлықпан Жолдасов неліктен шашын қысқартпайтынын түсіндірді

Редактор Penalty.kz
23.05.2025, 14:04

"КешREC" бағдарламасында қонақта болған әнші Ұлықпан Жолдасов журналист қойған "Имиджіңізді өзгерткіңіз келмей ме?" деген сауалға шынайы жауап берді.

NUR.KZ

“Мойнымда қал бар, оның артында үлкен оқиға жатыр”

Өнер иесі көпшіліктен жасырын келетін жеке ерекшелігі – мойнындағы дақ туралы алғаш рет ашық айтты. Оның айтуынша, бұл белгі — бала күнінде болған тылсым жайттың ізі.

“Мойнымда алақандай қал бар. Оны көбіне шашыммен жауып жүрем. Шашым күннен-күнге сиреп барады. Келешекте түсіп қалар. Ондайда имидж ауыстырудың қажеті жоқ қой”, – дейді әнші.

Әңгіме барысында ол бұл қалдың пайда болуына байланысты қызық жайтты еске алды. Анасы құрбысымен бірге ауылдағы көріпкел Аюп деген кісіге барған екен. Сол кезде көзінде нұры жоқ емші:

“Құрбыңа емес, саған қатысты белгі көріп тұрмын. Үйге барғанда балаңның мойнын қара. Егер алақандай ақ дақ болса, жеті мүшесінің бірі кем болады, бірақ балаң тірі қалады. Егер ондай белгі болмаса, қауіп бар. Құдайы садақа бер”, – деп ескерту жасапты.

Балалық шақтағы таңғажайып дәстүр

Кішкентай кезінде анасы күнде таңертең оны оятып, қалдың орнын сиямен белгілейтін болған. Уақыт өте дақ қарая түсіп, кейін кетіп қалғанымен ізі сақталыпты.

“Сол дақтың артында тұрған хикая өз алдына. Жеті мүшенің біреуі кем болады деген расқа айналды. 3-сыныпта қолымды сындырып алдым. Содан бері бұл қолым толық бүгілмейді. Қысқарған әрі сәл қисық. Соған қарамастан әскерге де барып келдім. Хирургке ақша беріп, тексерістен өттім”, – дейді Ұлықпан Жолдасов.