Белгілі актриса, продюсер әрі киножобалар авторы Әсел Сәдуақасова өз өмірінің ерекше кезеңдерін еске алып, қорқыныш пен батылдықты қатар сезінген сәттерін жариялады.
Актриса Instagram парақшасында жазба жариялап, оқырмандарын да өз шекараларынан асуға шабыттандырды.
“Сіздер үшін бірдеңе жасау өте қорқынышты болса да, соны жасап шыққан кездеріңіз болды ма?” – деп сұрады Әсел өз парақшасындағы жазбасында.
Ол өмір жолында кездескен маңызды бұрылыстарды былай сипаттайды:
“Ол кастинг мені он жылға есейтіп жібергендей болды. Бірақ мен оны өттім. Үлкен аудитория алдында өнер көрсетуді, бейнебаян мен тележобаларға қатысқанды жақсы көретінмін”, – дейді Әсел.
“Саранча” телесериалындағы кастинг те актрисаны біраз толқытқан. Алайда түсірілім алаңында өзін “судағы балықтай еркін” сезінген.
Кейінірек Әсел алғашқы толықметражды фильмін түсіру туралы шешім қабылдаған. Бұл да оңай болған жоқ:
“Бастапқыда қатты қорықтым. Бірақ соңында бес жылдың ішінде 11 фильм түсіріп үлгердім”, – дейді ол.
Табыстың шыңына шыққан кезде актриса жеке өмірге бет бұрып, Бали аралына көшіп кеткен. Сол жерде махаббатты кездестіріп, тұрмысқа шыққан. Бірақ көп ұзамай ажырасу мен жеке қайта жаңғыру кезеңі басталған.
“Өмірімнің жаңа тарауын бастадым. Әзірге ештеңе түсініксіз, бірақ өте қызықты. Белгісізге қадам басу – әрдайым қорқынышты, бірақ мен жүрексінетін адам емеспін”, – деп қорытындылады Әсел Сәдуақасова.
Оның бұл жазбасы – өмір жолында кездесетін өзгерістер мен сын-тегеуріндерден қорықпай, өз жолыңды табу жайлы шынайы хикая.