Даңқты спортшының ұлы жазасын жеңілдетуден бас тартты

Редактор Penalty.kz
20.06.2025, 12:30

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат өзіне тағайындалған қамаудағы жазасын айыппұлмен ауыстыру туралы өтінішін күтпеген жерден қайтарып алды.

Qaz365.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат қамаудағы мерзімін айыппұлмен ауыстыру туралы өтінішін қайтарып алды. Бұл туралы заңгер Анна Чернова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Сот отырысы барысында Нұрасыл Болат өз өтінішінен бас тартқан. Бұған дейін ол жазасын айыппұлмен алмастыруды сұрап, сотқа өтініш берген болатын. Алайда сот отырысында ол бұл шешімінен бас тартты.

Тұрлыхановтың ұлы не үшін айыпталды?

2024 жылдың ақпанында заңгер Анна Чернова мен оның жұбайы белгісіз жас жігіттің қызды соққыға жығып жатқанын көріп, араша түспек болады. Алайда олар да соққыға жығылған. Кейін бұл әрекетке барған адамның — белгілі спортшы әрі депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат екені анықталды.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл фактіні Қылмыстық кодекстің 293-бабы — "Бұзақылық" бойынша тіркеп, тергеуді бастаған. Күдіктінің әскери қызметте екеніне байланысты іс материалдары қалалық прокуратураға берілген.

Шенеуніктер мен заңгерлердің пікірі

Оқиғаға қатысты Дәулет Тұрлыханов та пікір білдіріп, "Ұлымның кінәсі дәлелденсе, заң аясында жауап береді" деп мәлімдеді.

Сондай-ақ Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев бұл іске сот нүкте қоятынын және заңға сәйкес шара қабылданатынын айтқан.

Айта кетейік, Анна Чернова бұл іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған. Ал қоғамда резонанс тудырған бұл іс бүгінде көпшілік назарында тұр.