Фристайл шахмат турнирінің ресми Instagram парақшасында жарияланған қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаеваның фотосуреті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Аталған жазбада шахмат тақтасы алдындағы сәт емес, спортшының шпагат жасап тұрған бейнесі ұсынылған. Бұл фото бірден желі қолданушыларының наразылығын туғызып, көпшілік мұндай кадрдың кәсіби турнир парақшасында жариялануын орынсыз деп санады.
Фотосуретке пікір қалдырған интернет қолданушылары ұйымдастырушыларды кәсібиліктен алшақ кетті деп сынап, гендерлік теңсіздік тақырыбын көтерді:
"Сіздер ешқашан Магнус Карлсеннің немесе Хикару Накамураның мұндай форматтағы фотосын салмайсыздар. Ендеше неге дәл осындай сурет Бибісара Асаубаеваға қатысты қолданылды? Бұл кәсібилікке қайшы және гендерлік көзқарастың көрінісі";
"Бұл қандай фото? Ол – шахматшы ғой. Неге ойындағы сәт емес, басқа қыры көрсетілген?";
"Фристайл шахмат ұйымдастырушылары бұндай постпен бүкіл шахмат әлеміне күмәнді сигнал жолдап отыр. Бибісара – өзге ойыншылар сияқты құрметке лайық тұлға";
"Оның тамаша ойынын бейнелейтін қаншама кадр бар. Неге дәл шпагат жасаған сәт таңдалды?"
Көпшілік бұл жағдайды әйел спортшыларға қатысты үстірт көзқарастың көрінісі деп бағалады. Жанкүйерлер кәсіби спортшылар туралы контент олардың беделіне сай болуы тиіс екенін баса айтты.