"Ажырасқан әйелдерге еркек жын ғашық болады" (ВИДЕО)

Редактор Penalty.kz
25.06.2025, 08:31

Әлеуметтік желіде "косметолог-блогер" ретінде танымал Әсия есімді әйелдің ажырасқан аналар жайлы айтқаны қоғамда қызу пікірталас тудырды. 

видеодан скриншот

Ұзақ жалғыз жүрген әйелге еркек жын ғашық болады

Блогердің айтуынша, исламда ажырасқан әйел адам 3 ай 10 күннен кейін некеге тұрмаса, оның өміріне еркек жын араласады екен.

"Әйел адам ұзақ уақыт некесіз жүрсе, оған еркек жын ғашық болып қалады. Оны ешкімге жолатпайды. Тіпті, ұнаған жігіт те ұнамай қалуы мүмкін. Сол жын түсіне кіріп, өзінің бар екенін сездіреді. Менің он жыл күйеуге шықпаған пациентім болды. Ол кейін тұрмыс құрғанымен, жын маза бермей, күйеуіне жек көрсеткен. Бірде өзіне қол жұмсауға да барған. Абырой болғанда, жұбайы құтқарып қалған", – деді ол.

Маман ретінде өзін хиджама жасаушы деп таныстырған Әсия әйелдерге ұзақ уақыт жалғыз жүрмеуге кеңес берді.

Желі қолданушыларының реакциясы

Бұл мәлімдеме бірден желіде тарап, көпшіліктің ашуын тудырды. Пікір қалдырғандардың басым бөлігі блогердің айтқандарын шындыққа жанаспайтын, қоғамға кері әсер ететін ақпарат деп бағалады.

  • "Қазақта күйеуі өлген әйелдің жылын өткізбей, қайта тұрмыс құруға тыйым салынған" 
  • "Аузыңа келгенді айта береді екенсің" 
  • "Мынаның өзіне жын кіріп кеткен-ау, 
  • "3 ай, 10 күн дегенді қай деректен алып жүр?" 
  • "Бұл халықты шатастыру" 
  • "Аңқау елге арам молда көбейіп кетті" 

Сарапшылар не дейді?

Бұл пікірлерге қатысты дінтанушы, психолог секілді мамандардың көзқарасы әзірге белгісіз. Алайда сенсация қуған пікірлердің желіде осындай ауқымды резонанс тудыруы қоғамның ақпаратқа деген сыни көзқарасын айқын көрсетеді.