35 жастағы адвокат Венера Тілеукенова бала кезінен бері шашын қысқартпаған. Бүгін оның қола түстес бұрымдары бүтін 160 сантиметрге жеткен! Сұлулығына таңдай қаққандар да, шашын сатып алғысы келетіндер де көп.
Орал тұрғыны Венера Тілеукенова – кәсіби адвокат, бірақ жұрт оны заңгер ретінде емес, “қазақ Рапунцелі” ретінде жақсы таниды. Бойынан да ұзын шашын ол мектепке барар-бармас жастан бастап өсіріп келеді. 2007 жылы Алматыдағы “Қолаң шаш” байқауында диплом иеленгені – алғашқы үздік жетістіктерінің бірі.
“Гиннестің рекордтар кітабына ену – мақсатым емес. Жай ғана ұзын шаш ұнайды. Анам да дәл осындай бұрымды болған. Генетика маңызды, бірақ күтім одан да маңызды”, – дейді Венера.
Ұзын шашпен айналысатын сұлулық салондары Венераға тұрақты түрде ұсыныс жасайды: “шашыңызды сатып алсақ”. Алайда иесі әзірге шашымен қоштасуға дайын емес.
Венераның анасы Орынша Іңірбаева – Маңғыстау өңірінің ұзын шашты дәстүрін сақтаған жан.
“70-жылдары бәрі қысқа қылып қидыратын. Мен де қимақ болдым, бірақ ағам рұқсат етпеді. Содан бері бұрымым — менің қазынам”, – дейді Орынша апай.
Орынша апай мен әпкелері, тіпті келіндері де шашын ұзын ұстаған. Қызына ешқашан “өсір” деп мәжбүрлеген емес, дегенмен үлгі көрсетті.