Отандық "Бір болайық" бағдарламасы тағы да сынның астында қалды. Бұл жолы студияға келген Малика есімді жас қыз артық салмағына бола буллингке ұшырап, көз жасына ерік берді.
Бағдарлама қатысушылары жас қыздың сырт келбетіне қатысты орынсыз әрі ауыр пікірлер айтып, көрерменнің ашуына тиді:
“Еркекке ұнау үшін арықтау керек”,
“Сіз айнаға қарайсыз ба?!”,
“Үміткердің талап-тілегін түсінбегенсіз”,
“Артық майыңыз көзге көрініп тұр”,
“Арықтасаңыз, өзіңізді табасыз…”
Мұндай қорлаулар эфир барысында ашық айтылып, қатысушының психологиялық жағдайына кері әсер етті.
Threads әлеуметтік желісінде құқық қорғаушы Гауһар Әукен бұл жағдайды заң тұрғысынан бағалап, бағдарлама ұжымына шара қолдану қажеттігін айтты:
“Бұл – ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы бойынша — бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қорлау. Егер қыз осындай сөздерден кейін өзіне қол жұмсаса, кім жауап береді?! Бағдарламаны жабу керек. Баршаңызды қолдауға шақырамын!”, - деді ол.
Көпшілік бұл эфирдің мазмұнын "буллингті насихаттау" және "әйелдерге қысым көрсету" деп бағалап, ашық қарсылық білдірді:
Желі қолданушылары Mаликаны қолдап, психологиялық қолдау білдіріп жатыр.