SADRADDIN мен Рухия Байдукенова Циндаодағы ШЫҰ фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетті халықаралық сахнада танытты.
2025 жылдың 7 шілдесінде Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 22-отырысы өтті. Аталған іс-шара аясында ШЫҰ елдерінің өнері мен мәдениетіне арналған Жастар әні мен өнер фестивалі бастау алды.
Қазақстанды халықаралық сахнада екі жас талант – мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары Садраддин Болат (SADRADDIN) пен Рухия Байдукенова таныстырды. Олар музыкалық кеште заманауи поп, джаз, опера сынды әртүрлі жанрларда өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетін жарқын бояулармен көрсете білді.
Фестиваль жастар ән кеші форматында ұйымдастырылып, қатысушы елдердің мәдени көптүрлілігі мен шығармашылық әлеуетін паш етті.
Қазақстан делегациясына жетекшілік еткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ШЫҰ аясындағы шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтті:
«Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүгінде мәдениетаралық диалог пен гуманитарлық байланыстарды нығайтудың халықаралық алаңына айналды», — деді министр.
Ол сонымен қатар, осындай мәдени бастамалар арқылы ШЫҰ елдері арасындағы өзара түсіністік пен достық одан әрі нығая түсетінін айтты.
Шараның басты миссиясы – Шығыс пен Батыстың мәдени байланыстарын күшейтіп, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және ШЫҰ кеңістігіндегі елдер арасындағы достық пен шығармашылық ынтымақтастықты ілгерілету.