Елдос "Колобок" тоғыз жылдан кейінгі тәтті арманына жетіп, көпшілікке сәби сүйетінін жария етті.
Белгілі блогер Елдос Қадырханов (көпшілікке Елдос «Колобок» есімімен таныс) жұбайымен бірге тоғыз жыл бойы армандаған сәтке жетіп, көпшілікпен қуанышты жаңалығын бөлісті. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында алғаш рет әке атанатынын жариялап, арнайы гендер пати ұйымдастырды.
Блогер бұған дейін бірнеше медициналық операциядан өткенін, сәбилі болу үшін үлкен сынақтардан өткенін жасырмай айтып келген. Бүгінде сол арманы орындалып, перзент сүйетін күнге жеткенін көпшілікке сүйіншілеп жеткізді.
"Сүйінші, қазақ елі! Аллаға шүкір, жеттік осы күнге. Балапан, біз сені күтеміз", - деп жазған ол гендер патиден видео жүктеді.
Видео кадрларында ерлі-зайыптының қуаныштан көз жасына ерік бергені байқалады. Олар бұл сәтте өздеріне тілекші болған барша халыққа алғысын білдіріп, баласының амандығын тілеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.