Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан видеоны ақпараттық шабуыл деп атады. Онда ол продюсер Баян Алагөзованың жұмысын сынға алады. Бұл ролик көпшіліктің пікірталасына себеп болды.
Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, желіде тараған бейне бұрынғы сұхбаттан үзінді. Видеоның қазіргі уақытта таралуын ол мақсатты шабуылдың бір бөлігі деп есептейді.
“Кеше кештен бері видео вирустық сипат алып, телефоным дамылсыз шырылдап жатыр. Бұл 5-6 жыл бұрын берілген сұхбаттың бір бөлігі. Ол кезде Баян мемлекеттік қаржымен телехикая түсіріп жатқан болатын. Кейін бұл жоба жарамсыз деп танылып, ұлттық арнадан алынып тасталды”, – деп жазды Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әнші сол кезеңде қоғамда Тұңғышбай Жаманқұловтың мемлекетке қаражат қайтарғаны жайлы кеңінен талқыланғанын еске салды. Алайда Баян Алагөзованың жобасына жұмсалған қаражат бюджетке қайтарылмағанын айтты.
“Егер салық төлеушілердің қаржысына түсірілген сериал жарамсыз деп танылса, онда сол қаражат бюджетке қайтарылуы тиіс еді. Мен сол уақытта осыны ғана айттым. Бірақ Баян мені сынап қана қоймай, жеке басыма тиісіп, әдептен аспаған жоқ. Енді мәдениетті адам болып көрінгісі келеді”, – деді ол.
Меруерт Түсіпбаева жарияланған бейне толық емес, тек бір бөлігі қиылып алынғанын атап өтті. Бұл жағдай көпшілік арасында түсініспеушілікке жол ашқанын айтты.
“Көп адам видеоны көріп, маған Баянмен қақтығысқа өзім барғандай қарайды. Бірақ шын мәнінде толық сұхбатты көрмей тұрып баға беру әділетсіз”, – дейді ол.
Әнші өз сөзінде мемлекеттік қаражаттың әр тиыны есепте болуы керек екенін ерекше атап өтті.
“Мемлекеттік ақша — бұл халықтың салығы. Сондықтан әр тиынның есебі болуы керек. Бұл заңды талап емес пе?” – деп түйіндеді Түсіпбаева.