Қазақ кәсіпқой боксының жарқын өкілі Жанқош Тұраров әлеуметтік желідегі жазбасымен көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болды. Ол балаларға деген әкелік махаббатын ашық білдіріп, өз өмірлік ұстанымын бөлісті.
Еркелік — арманға апарар көпір
Жанқош өз сөзінде бала кезіндегі естеліктерін еске алып, өз балаларына ерекше мейіріммен қарауға тырысатынын жеткізді:
"Мен бала күнімде үлкендердің еркелеткенін көп көрдім. Сол сезім адамды арманына сенуге үйретеді екен. Қазір өз балаларымның да сол сенімділікті сезініп өскенін қалаймын. Сол үшін оларды еркелетемін. Еркелікті сезінген бала — ертең өз арманына қорықпай қадам басады. Ал ішіндегісін жасырын ұстаған бала — өмірде көп нәрседен шет қалуы мүмкін. Сондықтан бар махаббатымды балаларымның жүрегіне сіңіргім келеді", — деп жазды спортшы.
Жанқоштың бұл жазбасы желі қолданушылары арасында кең қолдау тауып, көптеген жылы пікірлерге жол ашты. Олардың қатарында спортшының жұбайы Клара Иса да бар. Ол күйеуінің әкелік болмысына мақтанышпен қарайтынын ашық жазды:
"Сіздей әкесі бар — менің балаларымның маңдайларының бағы бес елі, шүкір!", — деп жазды Клара ханым.